09
февраль
2023
«ЕРТЕ ЖҮКТІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
«Қыз тәрбиелей отырып - ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. «Қызым үйде, қылығы түзде» дейді бұрынғылар. Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дарыту тек құлаққа құюмен, ақыл айтумен не болмаса «Қызды қырық үйден тиюмен» шектелмейді. Мәселе қай кезде, қандай жағдайда орынды ақыл ұсынып, үлгі-өнеге көрсету қажет. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып қыздарды әдептілікке, сыпайлыққа, инабаттылыққа, ұқылыптыққа, тазалыққа, мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулап, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу мектептен бастау алатыны белгілі.
Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінің 9-10 сыныптың қыздарына қалалық №5 емхананың гинеколог-дәрігерлердің қатысуымен «Ерте жүктілік және оның зардаптары. Репродуктивтік денсаулық және жыныстық гигиена» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты: Келеңсіз оқиғалардың бірі – жасөспірім қыздар арасында кездесетін ерте жүктілік және оның зардаптары, жасөспірім қыздардың денсаулыққа қаншалықты зиян келтіретіндігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Іс-шараға қатысқан қонақтар:
1) №5 емхананың гинеколог дәрігері Мұрат Алтынай Ерғалиқызы;
2) №5 емханасының психолог маманы Әбдраман Гүлнұр Әзімқызы;
3) №5 емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері А.А.Садыкова.
№5 емхананың гинеколог дәрігері Алтынай Ерғалиқызы сөз алып, «Ерте жүктіліктен қалай сақтануға болады? Ерте жүктілік немен қауіпті?» - деген сауалдар төңірегінде ой қозғап, 9-10 сынып қыздарымен пікір алмасты. Жасанды түсік — болашақта бала сүю мүмкіндігін төмендететіні, яғни бедеулікке апарып соқтыратыны, жасанды түсік жасататын қыздардың 30 пайызы онкологиялық , гинекологиялық ауруларға шалдығатыны туралы айтып өтті. Негізінен жоспарланбаған жүктіліктің 90% отбасындағы тәрбиеге және қарым-қатынасқа байланысты екендігі айтылды.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген, ел сенімін ақтап, тәуелсіз еліміздің болашағын алға апарар білімді, тәрбиелі, инабатты, сыпайы, әдепті қыз бала тәрбиелеу ұлы парызымыз екенін есте сақтайық!
#Қосымшабілімберу орталығы




