17
апрель
2025
САЛЫҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Оқушыларды "салық" ұғымымен таныстыру, оның мемлекет пен әрбір азамат өміріндегі маңызын түсіндіру мақсатында 2025 жылдың 17 сәуір күні Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы білім беретін мектептің 7 “Б” сынып оқушыларына “Салық дегеніміз не және ол не үшін қажет?” тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді.
Сынып жетекші М.Б.Сапарәлі оқушыларға салықтың мәнін қарапайым тілмен түсіндіріп, оның мемлекеттің тұрақты дамуы үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Сабақ барысында оқушылар салық туралы өз ой-пікірлерін айтып, "салық дегеніміз не?" деген сұраққа жауап беру арқылы өз болжамдарын ұсынды.
Сондай-ақ, оқушылар шағын топтарға бөлініп, түрлі тапсырмалар орындады. Олар кластерлер құрастырып, салықтың түрлері мен қандай қажеттіліктерге жұмсалатыны туралы ақпараттармен бөлісті. Оқушылар салықтардың білім беру, денсаулық сақтау, жолдар мен көпірлер салу сияқты маңызды салаларға жұмсалатынын түсініп, өздері үшін тың мағлұмат алды.
Іс-шара соңында оқушылар салықтың тек ересектерге ғана емес, болашақта өздері де азамат ретінде мемлекет алдындағы міндеттерін орындай отырып, ел дамуына үлес қосатынын ұқты. Сабақ тәрбиелік мәні жоғары, танымдық деңгейі терең іс-шара ретінде өтті.