17
март
2023
ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!
Отыз күн ойынын, қырық күн тойын жасаған қазақ халқы үшін кез келген мерекенің орны айрықша. Әсіресе, Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту дәстүрі жылдан-жылға қанатын жайып келеді. 22-наурызда республика көлемі, аудан мен ауыл-аймақтардан басталатын мейрам сәуір айының ортасына дейін тойланып жүр. Бұл да бірлігі жарасқан бейбіт елдің бір бақыты болса керек-ті. Сондай іс-шаралардың бірі – Наурыз мерекесі Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектепте өзіндік сән-салтанатымен аталып өтілді. Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық киімдер киген ұстаздар мен оқушылар «Ұлы күні Ұлыстың, басы болсын ырыстың!» тақырыбында өткен мерекелік шарада бас қосып, ұлық мейрамды ұлықтады. Наурыз мейрамына жиналған халықтың қарасы көп болды. Алдымен жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен мектеп директоры Сихамбекова Жансұлу Абдразаққызы құттықтап, игі тілектерін жеткізгеннен кейін, бірқатар ұстаздарды Алғыс хатпен марапаттады. 3-11 сынып оқушылары «Мәншүк Мәметова», «Төле би», «Ахмет Байтұрсынов», «Ораз Жандосов», «Қазыбек би», «Роза Бағланова», «Шара Жиенқұлова», «Әзілхан Нұршайықов», «Мұхтар Әуезов», «Ғабит Мүсірепов», «Ғабиден Мұстафин» ауылдары болып сайысқа түсіп, дастархандағы өздері дайындаған ұлттық тағам түрлерімен таныстырды. Сонымен қатар, Қыдыр атаның батасы беріліп, ақ жаулықты әжелер ақ тілегімен аластап, шашу шашты. Шарада ұл-қыздар би билеп, әсем әндер шырқады, жырдан шашу шашты. Әсіресе «Қаражорға», «Калинка», «Лезгинка» билері мерекелік думанның мәнін одан сайын арттыра түсті. Мереке қарсаңында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Вазира ханымның қызы Кәусардың тұсауын мектеп директоры Жансұлу Абдразаққызы кесіп, қазақтың «Тұсаукесер» салт-дәстүрі көрсетілді.
Әрине, наурыз мерекесі «наурыз көжесіз» қалай болмақ? Соңында мектеп оқушыларының ата-аналары дайындаған ұлттық тағамнан үлкен-кіші ауыз тиіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқады.
Ақтың молаятын,
Жарықтың ұзаратын,
Нұрдың молаятын,
Тіршіліктің жаңаратын,
Өмірдің жаңғыратын,
Пейілдің түзелетін,
Көңілдің кеңейетін кезеңі – Наурыз мейрамы құтты болсын! Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт - береке әкелсін! Еліміз тыныш, туған жеріміз аман болып, әрбір жаңа күн әр отбасына шат көңіл, бақыт және береке сыйласын!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!














