28
февраль
2023
«САХНА САҢЛАҒЫ» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
Биыл «Елінің Еңлік гүлі» атанған Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың туғанына 100 жыл. Осыған орай Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінде «Мектеп, оқушы, ата-ана: ынтымақтастық қырлары» үштік одақ бойынша 8 «А» сынып жетекшісі Мамаева Шарбану Абсаттарқызының ұйымдастыруымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың туғанына 100 жыл толуына орай «Сахна саңлағы» атты еске алу кеші өтті. Іс-шарада оқушылар мен ата-аналарға ұлы дарын иесінің көзі тірісінде жазып қалдырған қойылымдары таныстырылды. «Тақиялы періште» фильмі бірнеше ұрпақтың сүйікті киносына айналғаны ақиқат. Кеште «Тақиялы періште» фильмінің желісіне ұқсатылып көрініс қойылды.
Іс-шарадағы мақсатымыз – Бикен Римованың есімін, шығармашылығын, өнегелі өмірі мен өшпес өнерін жас ұрпақтың санасына сіңіру, жастардың өнерге деген құштарлығын арттыру, рухына тағзым ету.
Айта кету керек, Бикен Римова қазақ театры өнеріндегі ерен еңбегі үшін «Халық әртісі» атағын иеленген қазақ қызы. Ол «Құрмет белгісі» және «Парасат» орденінің иегері. Ол «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Шабандоз қыз», «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» сынды бірқатар киноларда төбе көрсетті. Өмірінің соңғы жылдары отандық «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясына түсті.
