17
апрель
2025
«ТІЛ ДАМЫТУ» ҮЙІРМЕСІ
Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінің 2 "Ә" сынып оқушыларына арналған «Тіл дамыту» үйірмесі жүйелі түрде өткізілуде. Үйірменің негізгі мақсаты — оқушылардың ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын жетілдіру, сөздік қорын молайту, байланыстырып сөйлеуге, сауатты және жүйелі ой жеткізуге үйрету.
Үйірме жұмысы оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріліп құрылып, әр сабақта түрлі инновациялық әдіс-тәсілдер қолданылуда. Мысалы, рөлдік ойындар, еркін әңгімелеу, сурет бойынша мәтін құрастыру, логикалық тапсырмалар орындау секілді қызықты және тиімді жұмыс түрлері арқылы балалардың шығармашылық қабілеттері дамытылуда.
Сабақ барысында оқушылар ерекше белсенділік танытып, пікір алмасуға, ой бөлісуге еркін араласады. Топтық, жұптық және жеке жұмыстар ұйымдастырылып, әр бала өз мүмкіндігіне қарай көзге түсіп, тіл байлығын дамытуға мүмкіндік алуда.
Сонымен қатар, үйірме барысында оқушылардың тыңдау, түсіну, сұрақ қою, жауап беру секілді коммуникативтік дағдылары да қалыптасып келеді. Сабақтар жылы әрі ынтымақтастыққа толы атмосферада өтеді, бұл балалардың еркін әрі сенімді сөйлеуіне жағдай жасайды.
«Тіл дамыту» үйірмесі — оқушылардың тілдік қабілетін ұштап, шығармашылығын шыңдайтын, өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға қалыптастыруға бағытталған тиімді алаң болып отыр.

