22
апрель
2025
АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ
Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебінде 6 «Ә» сыныбында "Жасөспірім кезеңінің ерекшеліктері және қиындықтары" тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті.
Жиналыстың мақсаты – ата-аналардың жасөспірім кезеңінің психологиялық, физиологиялық және әлеуметтік ерекшеліктері туралы тереңірек мағлұмат алуына жағдай жасау, баланың тұлғалық дамуына оң әсер ететін ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру.
Жиын барысында сынып жетекшісі ата-аналарға жасөспірімдердің даму сатылары, осы кезеңдегі мінез-құлықтағы өзгерістер, эмоциялық тұрақсыздық, өзіне деген сенімсіздік пен тәуелсіздікке ұмтылу сияқты ерекшеліктер туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, ата-аналарға баламен тиімді әрі жылы қарым-қатынас орнатудың жолдары ұсынылды. Атап айтқанда, тыңдай білу, қолдау көрсету, шектеу мен еркіндіктің тепе-теңдігін сақтау, сенім атмосферасын құру сияқты маңызды қағидалар талқыланды.
Жиналыс барысында ата-аналар бір-бірімен ашық пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Көпшілігі балаларымен арадағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған түрлі әдістермен бөлісіп, ортақ мәселелерге шешім іздеді. Мұндай кездесулер ата-аналардың өздерін жалғыз сезінбеуіне, бірін-бірі қолдауына және бірлескен әрекет арқылы жасөспірімдердің әлеуметтену үдерісіне оң ықпал етуіне үлкен септігін тигізеді.
Жасөспірім шақ – бұл баланың балалықтан ересектікке қадам басатын, ішкі дүниесі мен көзқарасы қалыптасатын шешуші кезең. Сондықтан осы уақытта ата-ананың мейірімі мен сабыры, түсіністігі мен қамқорлығы бала үшін тірек болмақ. Баланың бойындағы сенімділік пен жауапкершілік сезімі де дәл осы шақта қалыптасады.
Жиналыс соңында ата-аналар алдағы уақытта да осындай пайдалы әрі мазмұнды кездесулердің жиі өткізіліп тұруына ниет білдіріп, мектеп ұжымына алғыстарын жеткізді.

